kal sag Бізге мәлім болғаны осы Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Дене мүмкіндігі шектелген адамдарға арналған «Алматы» спорт клубы» қаламызда әзірге жалғыз клуб екен. Биыл 2016 жылы Бразилия мемлекетінің астанасы Рио-де-Жанейро қаласында жазғы Олимпиада ойындары өтетіндігін спорт жанкүйерлерінің бәрі дерлік біледі десем артық айтқаным болмас. Алайда, сол жазғы Олимпиада біте салысымен мүгедек жандарға арналған Паралимпиалық ойындардың да сол Рио-де-Жанейро қаласында өтетінін спорт жанкүйерлерінің бірі білсе, бірі біле бермейді.
Осы жағын ескере отырып және жалпы мүгедек жандар үшін Алматы қаласында спорттың қандай түрі бар екенін, сонымен қатар «Алматы» спорт клубының атқарып отырған негізгі жұмысы жайында білгіміз келіп осы клубтың директоры Найзабек Бекетұлы Сағымбаевқа жолыққан едік.
Найзабек Бекетұлы өзіңіз басқарып отырған «Алматы» спорт клубында мүгедек жандар үшін спорттың қандай түрлері жұмыс жасайды және клубтың негізгі бағыт- бағдары жайында мағұлмат беріп кетсеңіз.
Бұл спорт клубтың ашылып тұрақты түрде жұмыс істей бастағанына биыл тура тоғыз жыл болды. Кезінде қала әкімшілігінің қолдауымен осы клубтың ашылуына және оның дамып, табыстан-табысқа жетуіне бірден-бір мұрындық болған, Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқарма басшылығы болатын. Міне, содан бері осы клубқа білікті деген мамандарды жұмысқа тартып, қаншама мүгедек жандарға жағдай жасалып, өздері қалаған спорт түрлерімен айналысуларына мүмкіндік туғызды. Статистикалық мәліметтерге қарап отырсақ, қаншама мүгедек жандар спортпен жәй ғана айналысып қоймай, мүгедек жандар арасындағы спорттық бәсекеде Қазақстан чемпионатын есептемегеннің өзінде, әлемдік байрақты жарыстарда топ жарып Қазақ елінің намысын қорғап жүр.
Бұл клубтың негізгі бағыты мен мақсаты, ол қаламыздағы дене мүмкіндігі шектелген ғарып жандарды көбірек спортқа тарту арқылы, оларға моралдық және материалдық жағынан барынша жағдай жасау. Бір сөзбен айтқанда сол мүгедек жандар спортпен тұрақты түрде айналысуы арқылы, олардың да бұл қоғамда өзіндік орны бар екенін моралдық тұрғыда сезінуі. Бүгінгі таңда клубта «Есту қабілеті төмен», «Көру қабілеті төмен», «Тірек-қимыл аппараты зақымдалған» адамдарға арналғын үш бөлімде спорттың 12 түрі тұрақты түрде жұмыс жасайтын болса, ал «Спешиал Олимпикс» (психикалық даму мүмкіндігі тежелген) адамдарға арналған спорттық бөлімде, спорттың 6 түрі тұрақты жұмыс жасайды. Міне, біздер де осы бағытты ұстанып бар мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істеп келеміз.
Бір сөзіңізде осы клубтың ашылғанына тоғыз жыл болды дедіңіз, енді әңгіме арнасын өзіңіз басқарып отырған осы клубтың тыныс-тіршілігіне бұрсақ. Бұл клубқа қашан келдіңіз, алдағы уақытта қандай жоспарыңыз бар, осы жайында тоқтала кетсеңіз.
Дұрыс байқағансыз, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап осы клубтың басшысы болып қызметке тағайындалдым. Клубқа келген алқышқы күннен бастап алға қойған мақсатымның бірі, ол осы өзім басқарып отырған ұжым мүшелерімен жақынырақ танысу болатын. Сол танысу арқылы өзімнің алға қойған жұмыс жоспарымның бағытымен ұжым мүшелерін таныстырып, олардың да алдына үлкен талап қойдым. Бір айта кететін мәселе бұл «Алматы» спорт клубының тыныс-тіршілігі маған бұрыннан таныс, өйткені осыған дейін мен 3 жыл көлемінде Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары қызметінде болдым. Сондықтан да қызметтік міндетіме байланысты қаладағы барлық спорт ұжымдарымен тығыз байланыста болғанмын.
Шыны керек, менің қойған талабыма сәйкес жұмыс істей алмаған клубтың кейбір жаттықтырушылары өз еркімен жұмыстан шығуға арыздарын берді, ал кейбіреуі апталық оқу-жаттығу жұмысы жүктеме сағатын азайтуға өтініш білдірді. Әкімшілік тарапынан да біраз өзгерістер болды, ең бастысы қазіргі таңда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды» дейтіндей өз ойымдағыдай ұжым құрдым.
Дегенменде маған дейін осы ұжымды басқарып келген әріптесім А.С.Гершевичтің атқарған жұмысын жоққа шығара алмаймын. Көптеген жұмыс жоспарымыз сол кісінің жасап кеткен бағытында жүзеге асып келеді. Алайда әрбір басшының өзінің алдына қойған бағыт-бағдарламасы, кешенді жұмыс жоспары болады. Осы жағынан келгенде менің де өз бағытым, өз жұмыс-жоспарым бар. Осы аз уақыттың ішінде біршама жұмыстар да атқарылды. Атап айтқанда: «Алматы» спорт клубы есебіне мүгедек спортшыларды (тірек-қимыл аппараты зақымдалған) коляскаларымен қоса тасып жүретін шағын автокөлік алынды. Спорттық бәсекеде жоғары жетістіктерге жетіп, Қазақстан намысын қорғап жүрген белді-белді деген 5 спортшыға 100-120 мың тенге көлемінде ай сайынғы еңбек ақы тағайындалды.
Алматы қаласындағы спорт кешендері басшыларымен ортақ тіл табысудың арқасында «Алматы» спорт клубы есебінде тұрған спортшыларымыз ешқандай ақысыз оқу-жаттығу жұмысын сол спорт кешендерінде жүргізіп келеді. Тағы бір алға қойған жоспарымыз, ол Бразиланың Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Паралимпиалық ойындарға қатысу үшін, спортшыларымыздың жолдама алуына барынша жағдай жасау.
Алға қойған мақсат барда, сол мақсатқа жету бар. Өзіңіз айтқандай биыл Паралимпиада ойындары жылы, осы дүбірлі жарысқа қатысуға жолдама алған, немесе алдағы уақытта жолдама алудан үміткер спортшыларыңыз бар ма?
Сөзіңізге түгелімен қосыламын, қандай да бір спорттық ұйым басшылары мен жаттықтырушылары болмасын, немесе қандай да бір спортшы болмасын алдарына айшықты мақсат қояды. Сосын ғана барып сол мақсатына жету үшін бар мүмкіндікті пайдалана отырып аянбай еңбек етеді. Біздерде қарап отырған жоқпыз, сол Паралимпиалық ойындардың бағдарламасына кіретін спорт түрлері бойынша білікті деген мамандар мен спорттық деңгейі жоғары спортшылармен жеке жоспар бойынша жұмыс жасап келеміз.
Дені сау адамдарға арналған жазғы олимпиада ойындарына жолдама алу тәртібіне қарағанда, мүгедек жандар үшін Паралимпиалық ойындарға жолдама алу процессі біршама басқалай жүйеде өтеді. Біріншіден сол мүгедек-спортшылардың мүгедектік категориясына байланысты бірнеше классқа бөлінсе, екіншіден олар бір спорттық класстан екінші спорттық классқа өту үшін бірнеше халықаралық жарыстарға қатысып, қажетті ұпайларын жинауы керек.
Осы жағынан келгенде әзірге спорттың «Садақ ату» түрінен (ТҚАЗ) Айқынбаев Әбдіғани ең жоғарғы «А» классына өтсе, екінші спортшымыз Менгельбеков Сәрсенбек маусым айының 11-20 жұлдызы аралығында Чехославакия мемлекетінде өтетін ірі халықаралық турнирде «В» классынан «А» классына өту үшін сынға түседі. Сонымен қатар сол турнирде командалық жүйеде жолдама алу үшін Ә.Айқынбаев пен С.Менгельбеков тағыда жарыс жолына шықпақшы.
Ал, спорттың жеңіл атлетика түрінен (ТҚАЗ) жақында ғана Дубай қаласында өткен Азия чемпионатында 100 м. қашықтықа жүгіруден І-орын және сол қалада өткен Гран- при «Fazza»-8 халықаралық турнирде ұзындыққа сеіруден ІІ-орын алған спортшымыз Қалқаев Аманат «А» классына өтіп жолдамаға бір табан жақындай түсті. Сонымен қоса сәуір айының 18-25 аралығында Пекин қаласында жеңіл атлетикадан өткен Қытайдың 4-ші ашық лицензиялық чемпионатына біздің клубтан Аманат Қалқаев пен көру қабілеті төмен Макжан Нұрлыбаев қатысты. Осы дүбірлі жарыста 100 метр қашықтыққа жүгіруден А.Қалқаев жүлделі ІІІ орын және ұзындыққа секіруден ІІ орын алды. Ал Макжан Жұмабаев болса көру қабілеті нашар спортшылар арасында 100 метр қашықтыққа жүгіруден жүлделі ІІІ орынға ие болып жинаған ұпайлары арқылы «В» класынан «А» класына өту үшін бір шама жақындай түсті.
Алдымызда мамыр, маусым айында Германия мен Ресей мемлекеттерінде жеңіл атлетикадан Лицензиялық екі халықаралық жарыс өтпекші. Бұйырса сол жарыстарда А:Қалқаев пен М.Нұрлыбаев тағыда бақтарын сынап көрмекші. «Балапанды күзде санайды» дегендей алдымыздағы осы екі халықаралық жарыс нәтижесінен кейін Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Паралимпиалық ойындарға кімнің қатысатындығы айқындалып қалатын шығар. Ең бастысы осы төрт спортшының да мүмкіндіктері бар, сондықтан да алдағы уақытқа тек үмітпен қараймыз.
Қайсыбір спорт мекеме басшыларымен, немесе спорт бапкерлерімен сұхбаттаса қалсаңыз бәрінің айтатыны, «қаржы тапшылығынан көптеген айтулы жарыстарға қатыса алмаймыз» деп жатады. Осы қаржы мәселесі сіздерде қандай деңгейде шешімін тауып отыр деп санайсыз.
Ол рас, спортшылар үшін қаржы мәселесі қашанда актуалды болып келген, ол мәселе бүгінгі таңда да толық шешімін тапты деп айта алмаймын. Маман ретінде айтарым, еліміздің намысын қорғайтын мықты спортшыны дайындап шығару үшін оларға барынша жағдай жасау керек.
Әрбір жас спортшы, жиі –жиі жарыс көрмей және халықаралық деңгейдегі жарыстарда бағын сынамай оның спорттық шеберлігі өспейді. Үлкен халықаралық жарысты көбірек көрген бала алдымен психалогиялық тұрғыдан өсіп жетіледі, оның өзі жарты жеңіс.
Ал енді осы қаржы жағы біздің клубта қалай шешімін тауып жүр деген сұраққа келер болсақ, әзірге қолымызда бар қаржыны барынша үнемдеп ең маңызды деп санаған жарыстарға жұмсап жатырмыз. Қаржы мәселесіне келгенде бірден-бір ескере кететін мәселе, ол ұжым болып атсалысуымыздың арқасында демеушілер тауып, біршама республикалых және халықаралық жарыстарға қатысуымызға мүмкіндік туды. Осы бағытта алдағы уақытта әлі де жұмыс жасай береміз деген ойдамын.
Сөзім дәлелді болу үшін осы үш ай ішінде спортшыларымыздың қатысқан жарыстар мен жеткен жеңістеріне аздап сараптама жасай кеткен жөн сияқты. Бұқаралық спорт іс-шараларының күнтізбелік жоспарына, республикалық және халықаралық жарыстарды өткізу Регламентіне сәйкес «Алматы» спорт клубының спортшылары 2016 жылдың 4 айында 11 Қазақстан чемпионатына, 6 халықаралық жарысқа қатысып 30 алтын, 18 күміс, 21 қола, барлығы 69 медаль иеленді. Алдағы уақытта медалдар саны әліде өседі деген үміттеміз.
Спорт – айна деп жатады, сондықтан да сіз басқарып отырған ұжым осы «Алматы» спорт клубының бет пердесін көрсету үшін тағы да қандай іс-шаралар атқарып жатыр, оның жалпы тыныс-тіршілігімен байланыстарыңыз қалай?
Өте орынды сұрақ, біздің клубтың негізгі жұмысы да сол, қолымыздағы бар мүмкіндікті пайдалана отырып қаламыздағы мыңдаған мүгедек жандарды бұхаралық спортқа тарту. Сол мүгедек жандарды бұхаралық спортқа тарту арқылы онсызда жарымжан адамдарды басқалай-алкоголь, темекі, нашақорлық сияқты зиянды әрекеттерден аластату. Сол бағытта арнайы жасалған күнтізбелік жоспар бойынша Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығы мерекесіне орай спорттың бірнеше түрінен қалалық жарыстар ұймдастырып өткізіп жатырмыз. Сонымен қоса осы дене мүмкіндігі шектелген адамдар арасында республикалық және әлемдік байрақты жарыстарда ерен еңбегімен биік шыңдарды бағындырған спортшылар мен қаламыздағы мүгедек жандарға арналған мектеп интернатындағы оқушылар арасында кездесулер ұйымдасырып жүрміз.
Маңызды да ашық берген сұхбатыңызға рахмет, алдағы уақытта да байрақты жарыстарда биік межеден көрініп, дегендеріңізге жетіңіздер, сонымен қоса ойға алған бастамаларыңыз іске аса берсін.

Сұхбатты жүргізген М. Сүйін

Комментарии (0)

Здесь ещё нет оставленных комментариев.

Оставьте свой комментарий

  1. Добавление комментария от гостя.
Вложения (0 / 3)
Share Your Location
Введите текст с картинки. Не разобрать?